АИТВ-инфекциясының алдын алу бойынша мамандар кеңесі өтті

2026 жылғы 15 қыркүйекте облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығының конференц-залында облыстық АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы (АИТВ ОО) мен облыстық психикалық денсаулық орталығы (ОПДО) мамандарының бірлескен кеңесі өткізілді.

Кеңестің тақырыбы – «Наркологиялық есепте тұрған инъекциялық есірткіні тұтынатын барлық адамдарды АИТВ-ға екі рет тестілеумен қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелі сұрақтарды шешу».

Іс-шараға АИТВ ОО басшысы, басшының орынбасарлары, ОПДО өкілдері, емханалық учаскелердің дәрігер-наркологтары, АИТВ-инфекциясының алдын алу мәселелеріне жауапты мамандар, эпидемиологиялық бөлімнің меңгерушісі мен дәрігер-эпидемиологтар қатысты.

Кеңес барысында инъекциялық есірткіні тұтынатын адамдарды АИТВ-ға тестілеумен қамту мониторингін ұйымдастыру және медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды. Сонымен қатар 2026 жылы инъекциялық есірткіні тұтынатын адамдар арасында АИТВ инфекциясын анықтау жағдайлары мен көрсеткіштеріне талдау жасалды.

Кездесуде Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы бекіткен АИТВ-инфекциясының алдын алудың 2026 жылға арналған нысаналы индикаторларына қол жеткізу жөніндегі түзету іс-шаралары жоспарының 2-тармағын іске асыру мәселелері талқыланып, анықталған проблемаларды шешу жолдары қарастырылды.

Сондай-ақ есірткі қолданудың зиянын азайту бағытындағы АИТВ ОО мен ОПДО-ның өзара іс-қимылына ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, опиоидты агонистермен қолдау терапиясы, есірткіге тәуелді адамдарды емдеу және оңалту, сенім пункттерінде шприцтермен алмасу, сондай-ақ АИТВ ОО-ның достық кабинетінде байланысқа дейінгі профилактиканы (БДП) ұсыну мәселелері қаралды.

Мамандар арасында өзара ақпарат алмасу, есептілік жүргізу, пациенттерді қажетті медициналық және профилактикалық қызметтерге бағыттау, сондай-ақ деректерді салыстыру тәртібі бойынша пікір алмасу өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша АИТВ бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуге бағытталған бірлескен іс-шараларды жоспарлау және медициналық ұйымдардың өзара іс-қимылын одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар айқындалды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – АИТВ инфекциясын ерте анықтау, профилактикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және инъекциялық есірткіні тұтынатын адамдарды қажетті медициналық қызметтермен қамтуды жетілдіру.